«Қош бол, қара шаңырақ...»: Алматыдағы Студенттер сарайының шатыры опырылып түсті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Ғимараттың шатыры өзінен өзі құлады ма, әлде оны реконструкция аясында әдейі құлатты ма, белгісіз

Фото: скриншот

Бүгін түнде Алматыдағы Студенттер сарайының шатыры ортасынан опырылып түсті. Оның видео және фотолары әлеуметтік желіде таралып жатыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі ғимараттың шатыры қирап қалғанын растады, бірақ, оның нақты себебін атаған жоқ, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Қош бол, қара шаңырақ...»

Студенттер үйінің шатыры қирап жатқан сәт әлеуметтік желіде журналист Алмас Тұяқбай жазған. Оның айтуынша, ғимараттың аянышты жағдайы туралы репортаж да түсірген.

«Қош бол, қара шаңырақ...Осыдан жарты жыл бұрын аталмыш ғимараттың жыларман жағдайы туралы репортаж түсіргенімде университет басшылары бәрі ойдағыдай, деп шаң жуытпап еді. Енді, міне, тарихи ғимарат үйіндіге айналды», - деп жазған ол.

«Ғимарат әуелбаста қате салынған»

Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы әуел баста қате салынған.

«Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталды. Бұл нысан ұзаққа созылған құрылыс қатарына жатады, ал құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен атқарылды. Шамамен 30 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған ғимаратқа күрделі жөндеу де, реконструкция да жүрмеген. Бұл өз кезегінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи әрі айқын тозуына әкеп соқтырды. Университет пайдаланушы ұйым ретінде ғимараттың техникалық жай-күйін барлық кезең бойы бақылауда ұстап, оның конструктивтік элементтерінің нашарлай бастағанын тіркеп отырды. Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажеттігі туындады», - деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Осылайша, дереккөзге сүйенсек, 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жасаған. Оның нәтижесі студенттер сарайының басынан құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын өрескел бұза отырып пайдалануға берілгенін көрсетіп отыр, деп сендірді университеттің баспасөз қызметі.

Бірақ, университеттің баспасөз қызметі ғимараттың шатыры өзі опырылып түсті ме, әлде реконструкция үшін әдейі опырылды ма, нақты хабарлаған жоқ.