Степногорскіде бес жасар бала үшінші қабаттан құлап кетті

Автор: Алмас Ерсін

Бала ата-анасы сыртқа шыққан кезде терезедегі москит торына сүйеніп, төменге құлап кеткен

Фото: istockphoto.com

Степногорскіде көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден бес жасар бала құлап, ауыр жарақаттар мен бірнеше жерінен сынық алған. Бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға ата-анасы сыртқа шыққан кезде болған. Бала терезедегі москит торына сүйенген, алайда тор оның салмағына шыдамаған.

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде баланың тұрғын үйдің үшінші қабатынан құлағаны туралы ақпарат Степногорск қаласының полиция басқармасында 21 қыркүйекте тіркелгенін хабарлады.

«Құлау салдарынан кәмелетке толмаған бала дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жатқызылды. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешім қабылданады», – деп мәлімдеді полиция.