Денесінің 90%-ын күйік шалған 72 жастағы жүргізушісі ауруханаға жеткізілді
6 тамыз күні сағат 10:15-те Алматы облысы Есік қаласындағы «Alem Oil» жанар-жағармай құю стансасының аумағында Toyota Land Cruiser Prado маркалы көлік газ құйылған цистернаға (сыйымдылығы 4 текше метр) соғылып, нәтижесінде бекетте жарылыс болды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарылыс салдарынан Hyundai Tucson және Land Cruiser Prado маркалы екі көлік өртенді. Сондай-ақ станса айналасындағы 700 шаршы метр аумақтағы құрғақ шөптер өртенген.
«Жарылыс салдарынан Toyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісі (72 жаста – ред.) зардап шегіп, денесінің 90%-ын күйік шалған. Жағдайы ауыр. Сондай-ақ бекеттің 30 жастағы операторының кеудесі жараланды. Бекет маңындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлерге зақым келген жоқ», - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.
Алматы облысының ТЖД қызметкерлері бекеттегі өртті сағат 10:52-де өшірген.