Ұсталған азаматша осыған ұқсас бірнеше іске қатысы болуы мүмкін
Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметі жедел-іздестіру шаралары аясында бірқатар алаяқтық іске қатысы бар 30 жастағы тұрғынды (әйел адам – ред.) ұстады.
Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, ол өзін ер адам ретінде таныстырып, жолыққан адамдардан қоңырау шалу мақсатында телефонын сұрап, оқиға орнынан ізін суытып отырған. Сыртқы келбеті ер адамға ұқсайтын күдікті алаяқтық әрекетін осылай жүзеге асырып отырған. Ол қолды қылған ұялы телефондарды кездейсоқ адамдарға нарықтағы бағадан арзанға сатып отырған.
«30 жастағы тұрғын 25 шілдеде қаладағы сауда үйлерінің бірінің жанында жолыққан зейнеткерден шұғыл қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, артынан ізім-ғайым жоқ болған. Зейнеткер қолды болған телефонына қатысты келтірілген шығынды 30 мың теңгеге бағалап отыр», - деп хабарлайды.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ол төрт факті бойынша айыпталып отыр.
Ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды және оның республика аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті алаяқтық жасады деп айыпталған азаматшаның фотосын жариялап, оның құрбаны болған тұрғындарға 8 (7172) 71-61-51; 71-60-69, 8-702-500-97-29 немесе «102» телефон нөміріне хабарласуға шақырды.