Алматыда электросамокат мінген ер адам түнгі уақытта көліктермен жарысамын деп көз жұмды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол 90 км/сағ жылдамдықпен жүрген

Фото: Видеодан скрин

Алматыда электросамокатқа міне сала көліктерді басып озған ер адам рульге ие бола алмай, бар екпінімен құлап, сол жерде тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның соңғы сәттері жол бойындағы бейнебақылау камералары мен көліктердің бейнетіркегішіне түсіп қалған.

Электросамокат мінген ер адам жолдың сол жақ шетімен жүріп бара жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жылдамдығы сағатына шамамен 90 шақырым болған. Шығыс айналма автомобиль жолында ол алдында келе жатқан көлікті басып озбақ болған. Сол сәтте рульге ие бола алмай, бар екпінімен асфальтқа құлаған. Ал басындағы қорғаныш дулығасы ұшып кеткен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен. Алайда ер адамды құтқарып қалу мүмкін болған жоқ. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Қаза болған азамат 54 жаста болды.

«Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Бұл – Алматыда электросамокаттың адам өліміне әкелген алғашқы жол-көлік оқиғасы. Жыл басынан бері қалада электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 96 адам жарақат алған. Бұл оқиға жолдағы жоғары жылдамдықтың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір көрсетті. Электросамокатпен жүру де жол қозғалысы ережелеріне бағынуды талап етеді. Бірнеше секундтық асығыстықтың соңы орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін», – делінген қалалық ПД хабарламасында.