Ол сауда орталықтарының бірінде бомба бар деген жалған ақпарат таратқан
Қазақстанның ішкі істер министрлігі мен Украинаның киберполициясы өзара іс-қимыл орната отырып, 26 тамыз күні Укаринаның Сумы қаласында жасөспірім ұлды қолға түсірді. «Сауда орталығында бомба бар» деген жалған ақпарат арқылы Астананың полициясын аяғынан тік тұрғызған азамат осы бала болып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның ресми ақпаратына сүйенсек, біраз уақыт бұрын полицияға Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы ақпарат түскен. Тексере келе полиция бұның көрінеу жалған ақпарат екенін анықтаған.
«Баланың үйін тінту барысында бірнеше ұялы телефон, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді. Электрондық құрылғылардан пайдаланылған аккаунт, осы хатты мәтіні және басқа да цифрлық дәлелдемелер анықталды. Қазір тәркіленген техникалар талдаудан өтіп жатыр. Ықтимал сыбайластар анықталып, ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғы тексеріледі», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
Бұл жасөспірімнің ісін Украинаның құзырлы органдары қарап жатыр.