Әкесін туған күнімен кұттықтамақ болған: Шымкентте қаза тапқан балуанның туыстары әділдік сұрайды

Автор: Темірхан Айжан

Әділ Тілектес грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған

Фото: скриншот/Информбюро

Шымкентте өндіріс орнында тоққа түсіп, қаза тапқан балуан Әділ Тілектестің туыстары кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты тексеру жүргізілуін сұрап отыр. Олар кінәлілер заң аясында жауапқа тартылып, тиісті өтемақыны төлеуін талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Информбюро-ға сілтеме жасай отырып.

28 жастағы Әділ Тілектес грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған. Ол есту қабілеті төмен балуандар арасында да ел намысын қорғап, халықаралық жарыстарға қатысқан. Күреспен кәсіби түрде айналысқан. Алайда тұрақты табыс болмағандықтан зауытқа жұмысқа тұрған.

Жақындарының айтуынша, оқиға демалыс күні болған. Әпкелері оны жұмыстан алып кетуге барған кезде оның ауыр жарақат алғанын естіген. Әпкесі Мөлдір Тілектестің айтуынша, Әділдің денесінде электр тогының соққысынан қалған күйік іздері болған.

«Бетін жаппақшы болды. Бетін жаппаңдар, бұл өлген жоқ дедім. Қайда алып кетіп бара жатырсыңдар, көмектесіңдер дедім. Қарасам, күйіп кеткен екен ғой байғұстың мойнынан бастап құлақтарына дейін. Ең соңында қарасам, қолдары да күйіпті. Қолымен ұстап қалды ма, тоқ тартты ма, тоққа барып соғылды ма, бәрібір де арақашықтығы жақын болды өте. Техникалық қауіпсіздік қаншалықты сақталғанын анықтау керек», - деді ол.

Марқұмның жұбайы Анжела Тұрғаналиеваның айтуынша, Әділдің үй алсам деген арманы болған.

«Спорттан жүлделі орынлар алсам, үй аламын деп ниет қылып, спортын тастамады. Кешке жетіге дейін жұмыс істейді. Сағат тоғыз-ондарда жаттығуға барып, түнде келеді. Жарысқа барған кезде медаль алғанда ақша бермейтін еді. Тек жұмыс істеп, айлық алатын еді», - деді ол.

Отбасының айтуынша, зауыт басшылығы оларға көмек беретінін айтқан.

Шымкент қаласы полиция департаменті қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Алдын ала мәлімет бойынша ер адам жұмыс жүргізу барысында электр тоғының соғуы салдарынан өлімге әкелген жарақат алған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деп хабарлады полиция.

Әділ Тілектестің артында жұбайы мен кәмелет жасына толмаған екі баласы қалды. Үлкен ұлы төрт жаста, кішісі сегіз айлық. Жас отбасы Шымкентте пәтер жалдап тұрған.