«Полиция ғимаратына бомба қойдым»: Алматы тұрғыны көп ұзамай ұсталды (ВИДЕО)
Күдікті 56 жастағы ер адам болып шықты
Алматы тұрғыны аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына бомба қойғаны туралы хабарлап, арнайы қызметті аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнына қаланың шұғыл қызметтері дереу жетті. Ғимарат пен оған іргелес аумақ мұқият тексерілді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер және жедел қызығушылық тудыратын өзге де заттар табылған жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында біздің басқарманың қызметкерлері хабарламаны жіберген адамды анықтады. Ол 56 жастағы ер адам болып шықты. Ол іс жүзінде ешқандай жарылғыш зат қоймағанын және ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны қасақана жасағанын мойындады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Айта кетейік, ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы кез келген хабарлама нақты қауіп ретінде қарастырылады. Мұндай іс қылмыстық жауапқа жеткізуі мүмкін.