Ел бойынша осындай 64 адам ұсталған
Қазақстанның ішкі істер министрлігі жыл басынан бері дін терісін жамылып, ел бойынша әртүрлі қылмыс жасап, арам ойларын алдын ала жоспарлаған 22 қылмыстық топтың 64 мүшесін қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін полиция бұл операциялар туралы егжей-тегжейлі ақпарат таратып, видео жариялады.
Белгілі болғандай, олар өзгелерді бопсалаумен, алаяқтықпен, тонаумен айналысқан, браконьерлікпен және есірткі өткізумен шұғылданған. Арам ойларын іске асыру үшін қару-жарақ ұстаған. Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірлерінде, оның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында болған.
Мәселен, Алматыда дінді жамылған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін ұрлап кеткен. Олар сот үкімімен 5 жылдан 6 жылға дейін сотталып тынды.
Петропавлда радикалды көзқарастағы әйел адамдың төрт алаяқтыққа қатысы бары анықталды. Оның былығынан келген шығын 2 млн теңгеден асты. Ол осы қылмысы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Павлодарда дәл осындай көзқарастағы тұрғын алаяқтық бойынша 17 іске қатысы бары анықталды. Келтірілген шығын 8 млн теңгеден асты. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Белгілі болғандай, діни экстремизм идеяларын ұстанушылардың 155 қылмысқа қатысы бары анықталды. Олардан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі табылды.
Сонымен қатар, экстремистік және террористік қылмыстарды, оның ішінде интернетте радикалды идеологияны насихаттағандар да ұсталып жатыр. Ақтөбе тұрғыны әлеуметтік желіде өзге дін өкілдерін қорлау арқылы діни араздықты жария түрде қоздырған. Ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбеде зорлық-зомбылықты жоспарлаған радикалды көзқарастағы тағы бір жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал Түркістан облысының тұрғыны «Өзбекстан ислам қозғалысы» халықаралық террористік ұйымының идеяларын белсенді түрде таратқан. Осы қылмысы үшін 7 жылға сотталды.