Мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Қазақстанда аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасаған әйел адам Грузияға қашып кеткен. Бас прокуратура оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, тергеу нұсқасы бойынша күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.
«Қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, солардың негізінде жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, нәтижесінде халықаралық іздеуге жарияланған», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-еуі жымқырғаны үшін іздеуде болған.