Екі күн ішінде мамандар эхолоттардың көмегімен өзен түбінің 35 шақырымын зерттеген
Павлодар облысында Жаңауыл ауылы маңында қайық аударылып, жоғалып кеткен ер адамды іздеу жұмысы екінші күн қатарынан жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«112 пультіне хабарлама 12 қыркүйекте түсті. Жаңауыл ауылы маңында бес адам мінген алюминий қайық аударылып қалған. Олардың төртеуі судан өздігінен шыға алды. Ал 1983 жылы туған ер адам суға батып кеткен болуы мүмкін. Қазір іздеу жұмысы жүріп жатыр», – деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД.
Іздеу-құтқару жұмысына жедел-құтқару жасағының алты құтқарушысы, үш жүзу құралы және екі эхолот тартылған.
Екі күн ішінде мамандар эхолоттардың көмегімен өзен түбінің шамамен 35 шақырымын зерттеген. Құтқарушылар суға 11 рет сүңгіп, жалпы аумағы шамамен 5 мың шаршы метр аумақты тексерді.