Алматы тұрғыны баспанасын бірнеше жыл кешіктірген құрылыс компаниясын сотқа беріп, 10,5 млн теңге өндіріп алды

Автор: Асыл Арман

Ол 2021 жылы баспанасының қолын толық төлеген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы тұрғыны құрылыс компаниясынан пәтерін тиісті уақытында ала алмаған соң сотқа жүгініп, 10 млн теңгеден астам тұрақсыздық айыбын өндіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Алматы тұрғыны 2021 жылы құрылыс компаниясынан пәтер, тұрғын емес үй-жай және автотұрақ орнын сатып алып, құнын толық төлеген.

«Құрылыс компаниясы құрылыс жұмысын аяқтап, 2023 жылдың соңына дейін негізгі сатып алу-сату шарттарын жасасуға міндеттенген. Алайда нысан іс жүзінде тек 2024 жылғы қазанда пайдалануға берілген. Қабылдау-тапсыру актілеріне 2025 жылғы қаңтарда қол қойылып, ал негізгі сатып алу-сату шарттары 2025 жылғы наурызда жасалған», – деп хабарлады сот.

Осыған байланысты сатып алушы сотқа жүгінген. Ол құрылыс компаниясының нысанды пайдалануға беру және негізгі шарттарды жасау мерзімдерін бұзғанын көрсетіп, уақытын кешіктіргені үшін өтемақы өндіріп беруді талап еткен.

Алайда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Себебі бастапқы міндеттеме ақшалай сипатта болмаған, ал негізгі шарттар жасалғаннан кейін алдын ала шарттар бойынша міндеттемелер тоқтайды деген тұжырым жасаған.

«Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот мұндай ұстаныммен келіспеді. Сот негізгі шарттың жасалуы оған дейін жіберілген шарт талаптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Сатып алушы төлем бойынша өз міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындаған, ал құрылыс компаниясы нысандарды пайдалануға беру және негізгі шарттарды жасау мерзімдерін бұзған», – деп толықтырды Жоғарғы сот.

Шарттарда құрылыс компаниясының жауапкершілігі де қарастырылған. Атап айтқанда, сатушы әрбір кешіктірілген күн үшін жылжымайтын мүлік құнының 0,1 пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс болған. Оның жалпы мөлшері нысан құнының 10 пайызынан аспауы керек.

Осылайша, бірінші және апелляциялық сатылардағы сот актілерінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылды. Құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді.