Полиция 39 жастағы ер адамды тез тапқан
Кеше, 9 қыркүйек күні кешқұрым Шымкент қаласының қақ ортасында 39 жастағы ер адам 65-тегі зейнеткерді ұрып өлтірген. Полиция оны тез арада қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиғаның видеосы «Отырар» телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
«65 жастағы қария мен 39 жастағы ер адамның арасында жанжал басталған. Оқиғаның сұмдық сәттері көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда 39 жастағы ер адамның 65 жастағы көршісіне бірнеше рет жұдырықпен соққы жасағаны көрінеді. Соққыдан қарт ер адам жерге құлаған. Жас жігіт құлап жатқан қарияны одан сайын ұрған. Одан кейін күдікті марқұмның үйінен кіріп, шығады да оқиға орнынан бой тасалап кетеді», - деп хабарлайды телеарна.
Бұл оқиғаны біздің редакциямызға Шымкенттің полиция департаменті растады. Анықталғандай, есінен танған 65 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенше жан тапсырған.
«Күдіктінің жеке басы анықталып, полиция оны тез арада қолға түсірді», - деп хабарлайды Шымкент полициясы.