Әкесінен қалған мұрадан бас тартқан: Жамбыл облысының тұрғыны алты жылдан соң сотқа жүгінді
Әкесі 2020 жылы қайтыс болған
Жамбыл облысының тұрғыны 2020 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін мұрадан бас тартып, оны ағасының қалдырған. Алайда арада алты жыл өткен соң ол бұл шешімін өзгертіп, сотқа жүгінген. Шу аудандық соты мұрадан бас тарту туралы шешімнің ерікті түрде қабылданғанын және нотариус оның салдарын түсіндіргенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2020 жылғы ақпанда әкесі қайтыс болғаннан кейін ер адамға тұрғын үй, жер учаскесі және ВАЗ 21093 автокөлігі мұра болып қалған. Алайда ол әпкесімен бірге бұл мұрадан бас тартып, ағасына қалдырған. Ағасы мүлікті қабылдағанымен, көзі тірісінде мұраға құқық туралы куәлікті рәсімдеп үлгермеген.
2026 жылғы наурызда ағасы қайтыс болды. Осыдан кейін ер адам бұған дейін мұрадан бас тарту кезінде оның салдарын дұрыс түсінбегенін және нотариус мүлікті рәсімдеу тәртібін оған дұрыс түсіндірмегенін айтып, сотқа жүгінген. Ол сондай-ақ 2010 жылдан бері ата-анасының үйінде тұратынын, үйді күтіп-ұстап, жөндеп және абаттандырып келгенін мәлімдеген.
Сот ер адамның мұрадан бас тарту туралы өтінішке нотариустың алдында өз еркімен қол қойғанын анықтады. Ол алданғанын, қысым жасалғанын немесе мұрадан бас тарту кезінде қателескенін дәлелдейтін құжаттар мен басқа да дәлелдер ұсынбаған. Соттың айтуынша, арада уақыт өткеннен кейін өз шешімін өзгерту мұрадан бас тартуды жарамсыз деп тануға негіз бола алмайды.
Сонымен қатар ағасы қайтыс болғаннан кейін оның бірінші кезектегі мұрагерлері ретінде жұбайы, кәмелетке толмаған екі баласы және анасы танылған. Ал ер адам қайтыс болған адамның ағасы болғандықтан, мұрагерліктің екінші кезегіне жатады.
Сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына заң көмегіне жұмсалған 200 мың теңге өндірілді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.