«Әпкеңді ұрамын және ұра беремін»: Ақтөбеде экс-полицей жездесіне оқ атқаны үшін 10 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Жездесінің кеудесі мен ішіне оқ тиіп, жансақтау бөліміне түскен

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысында жездесіне төрт рет оқ атқан экс-полицейге сот үкімі шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қанды оқиға Хромтау қаласындағы демалыс базасында болған. Учаскелік полиция инспекторының 32 жастағы көмекшісі отырыстан кейін жұмысына баруы керек болғандықтан, өзімен бірге қызметтік «Макаров» тапаншасын алып жүрген. Дастархан басында жездесі де болған.

Басқосуда ол әйелін ұратынын және алдағы уақытта да ұра беретінін айтқан. Осы сөздерден кейін учаскелік инспектордың көмекшісі қызметтік тапаншасын алып шығып, жездесіне оқ атқан. Төртінші рет атқан кезде тапаншаға гильза тұрып қалған.

Ер адамның кеудесі мен ішіне оқ тиіп, жансақтау бөліміне түскен.

Сот резонанс тудырған іс бойынша үкім шығарды. Адам өлтіруге оқталғаны үшін бұрынғы полицей 10 жылға бас бостандығынан айырылды.