Көлік министрлігінің лауазымды қызметкері 40 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды
Ақмола облысы бойынша көлік бақылауы инспекциясы басшысының орынбасары да қолға түсті
Биыл тамыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Көлік министрлігінің автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары мен Ақмола облысы бойынша көлік бақылауы инспекциясы басшысының орынбасарын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК мәліметінше, олар жүктері рұқсат етілген салмақ нормаларынан асып кеткен көлік құралдарының кедергісіз жүруіне мүмкіндік жасады деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес олар кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам сомада материалдық сыйақы алған.
«Сот санкциясымен аталған адамдар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.