Балқашта танысын пышақтап өлтіріп, тағы бір серігіне шабуыл жасаған ер адам 22 жылға сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Олардың арасындағы оқиға биыл 9 мамыр күні Балқаш қаласында болған

Фото: istockphoto.com

Қарағанды облысында Балқаш қаласында адам өлтіріп, тағы бір адамды өлтіруге оқталды деген айыппен ер адам сот алдында жауап берді. Сот оған қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта анықталғандай, оқиға биыл 9 мамыр күні Балқаш қаласында болған. Сотталған ер адам танысының пәтерінде бірге ішімдік ішкен. Сол жерде жанжал туындап, ол балконда отырған ер адамдардың біріне бірнеше рет пышақ сұғып алған. Жәбірленуші алған жарақатынан қайтыс болды. Артынша екінші адамды да дәл солай пышақтап өлтірмек болған. Алайда ол дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды.

Қаза болған ер адамның жұбайы мен жарақат алған екінші адам қатаң жаза беруді сұрады. Ал қорғау тарапы оның кінәсі дәлелденбегенін айтып, соттан ақтау үкімін шығаруды өтінді.

«Сот кінәні және жазаны жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ. Ал қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде сотталушының қылмыс жасаған кезде мас күйде болғанын және қылмыстың қауіпті қайталануын таныды. Сот үкімімен оған түпкілікті 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді. Жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды. Қайтыс болған адамның жесіріне 10 млн теңге, ал жәбірленуші ер адамға 5 млн теңге өндіріп беру туралы шешім шығарылды», – делінген сот хабарламасында.

Материалдық залалды өтеу туралы талаптар сотқа ұсынылған түбіртектер мен растайтын құжаттарға сәйкес ішінара қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.