Олардан атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік табылып, тәркіленді
Астана, Өскемен қалаларында және Алматы облысында соңғы бірер аптада 40 млн теңге көлемінде ақша бопсалады деген күдікпен жеті адам ұсталды. Олардың үшеуі бұрын сотталған болып шықты, ал оның ішінде адам өлтіргені үшін сотталғандар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, тінту барысында олардан атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік табылып, тәркіленді.
Осындай іс-шаралар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында жүргізілді. Ал жалпы алғанда 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
«Заңсыз айналымнан 10-нан астам атыс және травматикалық қару, сондай-ақ оларға тиесілі оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 77 млн теңгеден астам қаражаттың жолы кесілді. Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.