Жүк көлігіне дөңгелек орнату кезінде шина жарылып, жұмысшы ауыр жарақаттан көз жұмды
Павлодарда шиномонтаж шеберханасының қызметкері жүк көлігіне дөңгелек орнату кезінде қаза тапты. Ақпаратты облыстық Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы бұған дейін жергілікті пабликтер хабарлаған. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шақырту 7 қыркүйекте сағат 10:30-да түскен. Оқиға орнына келген дәрігерлер қызметкердің өмірге қауіпті жарақат салдарынан қайтыс болғанын анықтады.
Қызметкердің қаза болу жағдайына Павлодар облысының Полиция департаменті түсініктеме берді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігіне дөңгелек орнату кезінде шина жарылған. Қызметкер ауыр дене жарақатын алып, соның салдарынан көз жұмған.
«Еңбекті қорғау талаптарын бұзу дерегі бойынша полиция органдары қылмыстық іс қозғады», – деп мәлімдеді ведомство.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.