Алматыда төрт жасар бала 59 магнит шарын жұтып қойған

Дәрігерлер баланың аш ішегінен 59 магнитті алып шықты

Алматыда төрт жасар бала 59 магнит шарын жұтып қойған
Фото: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында магнит шарларын жұтып қойған үш балаға бір кезекшілік кезінде шұғыл операция жасалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы бала екі жаста болған. Ол ауруханаға іші ауырып түскен. Тексеру кезінде ағзасында бөгде заттар бары анықталған. Операция барысында хирургтер 25 магнитті алып шықты.

Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға құсып, іші ауырған екі жарым жастағы бала жеткізілді. Тексеруден кейін оған да шұғыл операция жасалды. Дәрігерлер тоғыз магнитті алып шықты. Операциядан кейін бала он күн бойы стационарда жатты.

Үшінші бала сол кезекшіліктің соңына қарай, таңертең ауруханаға түсті. Оның жасы әлі төртке толмаған еді.

«Бала әлі төрт жасқа толмаған. Тағы да іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалды. Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнитті алып шыққан кезде біздің команда қатты таңғалды. Медициналық көмекке жүгінген сәтте қауіпті заттар аш ішектің қабырғаларын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі операциялардың бірі болды», – деді Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Жыл басынан бері Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына магнит жұтып қойған 15 бала түскен. Мұндай жағдайлар ерекше назар аударуды қажет етеді, өйткені бірнеше магнит ағзаның ішінде бір-біріне тартылып, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Дәрігерлер ата-аналарды магнит шарлары мен осыған ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жететін жерде қалдырмауға, сондай-ақ олардың немен ойнап жүргенін мұқият бақылауға шақырды.