Ер адамның жағдайы ХҚКО ғимаратында кенеттен нашарлаған
Тараз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында ер адам кенеттен қайтыс болды. Оқиғаға қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы редакция сауалына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Корпорацияның мәліметінше, азамат К.А. ХҚКО-ға таңғы сағат 08:30 шамасында келген. Қызмет көрсету сағат 09:00-де басталатынына қарамастан, келушілерге қолайлы жағдай жасау және оларды көшеде күттірмеу үшін ғимаратқа алдын ала кіргізген.
Сағат 08:40 шамасында өзіне-өзі қызмет көрсету секторында болған ер адамның жағдайы кенеттен нашарлаған. ХҚКО қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырған.
«Жедел жәрдем бригадасы қажетті медициналық шараларды жүргізді. Алайда соған қарамастан, азамат қайтыс болды», – делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының редакция сауалына берген жауабында.
Корпорация өкілдері оқиға кезінде ХҚКО ғимаратында келушілердің көп жиналмағанын, сондай-ақ ғимараттағы температуралық режим белгіленген талаптарға сай болғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.