Алматыда үш ер адам азық-түлік дүкенінде төбелес шығарды

Автор: Алмас Ерсін

Төбелес кезінде бір адамның кеуде тұсына үшкір затпен соққы жасалған

Фото: istockphoto.com

Алматының Түрксіб ауданындағы азық-түлік дүкенінде жанжал төбелеске ұласып, салдарынан бір адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жанжал ағайынды екі жігіт пен шағын азық-түлік дүкенінің қызметкері арасында болған.

Төбелес кезінде қатысушылардың бірінің кеуде тұсына үшкір затпен соққы жасалған. Зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Учаскелік инспектор жанжалға қатысушыларды ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жанжалға қатысқан әр адамның әрекеті мен рөліне құқықтық баға беріледі.