Полицейге шабуыл жасау ісі: Қостанайдың үш тұрғыны сот алдында жауап берді

Үш айыпталушыға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін

Полицейге шабуыл жасау ісі: Қостанайдың үш тұрғыны сот алдында жауап берді
Фото: istockphoto.com

2026 жылғы 3 қыркүйекте Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында полицейге шабуыл жасау ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наша газета» басылымына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, сот алдында Қостанайдың үш тұрғыны – 21 жастағы Руслан Пасичник, 23 жастағы Амир Дамирұлы және 25 жастағы Арнұр Арманұлы жауап беріп жатыр. Үшеуіне де ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігінің 4-тармағы – «Бір топ адамның билік өкіліне өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдануы» бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқиға 2026 жылғы 28 наурызда таңертең Береке шағынауданындағы №60 үйдің ауласында болған.

«Шамамен сағат 08:30-да сотталушылар сол жерде алкогольдік масаң күйде болған, қатты сөйлеп, балағат сөздер айтып, агрессивті әрекет жасаған. Олардың жанында көлемі 0,5 литр арақ бөтелкесі тұрған. Осы кезде үйден Руслан Қазиев екі кішкентай баласымен шыққан. Ол қызметке баруға жиналып жатқан. Қазиев балаларын көлікке отырғызып, кейін ер адамдарға жақындаған», – деп айыптау актісін оқыды прокурор Еркебұлан Айтбаев.

Прокурордың айтуынша, Руслан Қазиев полиция қызметкері әрі билік өкілі болған. Сондай-ақ ол сол сәтте айырым белгілері бар қызметтік формада жүрген.

«Полицей ер адамдардан заңға қайшы әрекеттерін тоқтатуды, қоғамдық орыннан кетіп, тарауды талап еткен. Алайда олар заңды талапты агрессивті қабылдаған. Дамирұлы мен Қазиев арасында жанжал басталып, полицей оны залалсыздандыру үшін жерге құлатқан. Мұны көрген Арманұлы Қазиевке жүгіріп келіп, оның бетінен оң қолымен екі рет ұрған. Кейін жанжалға Пасичник араласқан. Ол Қазиевке жүгіріп келіп, онымен арпалысып, үстіне құлаған. Полицей өзін қорғау мақсатында оны да жерге құлатқан. Дамирұлы қайтадан Қазиевке жақындап, оның қызметтік киімінен ұстап, әрекетіне кедергі келтіруге тырысқан. Қазиев оны қайтадан жерге құлатып, ұстап тұрған. Сол сәтте Пасичник жүгіріп келіп, Қазиевтің басынан оң қолымен кемінде екі рет ұрған», – делінген айыптау актісінде.

Айыптау тарапының мәліметінше, Пасичник Қазиевтің Дамирұлын ұстап тұруға көңіл бөліп, өзін толық қорғай алмай тұрғанын пайдаланып, полицейді басы мен денесінен аяғымен кемінде төрт рет тепкен. Соққылардан кейін Қазиев есінен танып қалған. Бұдан кейін ес-түссіз жатқан полицейге соққы жасау жалғасқан.

Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, Руслан Қазиев жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуын, сондай-ақ көптеген көгеру мен сыдырылған жарақат алған.

Іс бойынша негізгі сот талқылауы 16 қыркүйекке белгіленді.