Ливандағы консулдық есепте Қазақстанның 113 азаматы тұр
Бейрут портында болған жарылысқа қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді түсініктеме берді.
«Ливандағы Бейрут қаласының портында бірнеше рет қатты жарылыс болды. Қалалық инфрақұрылымға зиян келтірілді, адам шығыны бар. Жарылыс туралы ақпарат алғаннан кейін біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта Қазақстанның 113 азаматы Ливанда консулдық есепте тұр. Біздің дипломаттар олармен байланыста, қазақстандықтардың арасында зардап шеккендер жоқ. Өздеріңіз білетіндей, дипломатиялық миссия кеңсесіне де зиян тиген болатын, ол алдағы уақытта қалпына келтіріледі. Біздің қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ», - деді министр.
Өздеріңіз білетіндей, Ливанда БҰҰ бітімгершілік контингенті бар, оның құрамына 120 қазақстандық жауынгер кіреді. Қазір олардың ротация процесі жүріп жатыр және алдыңғы күні қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін орындарына аман-есен жетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Қорғаныс министрлігі Ливандағы қазақстандық сарбаздар жарылыс салдарын жоюға қатыспайтынын айтқан болатын.