Зардап шеккендер ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Қапшағай су қоймасында гидроцикл демалушылар отырған үрлемелі диванға соғылды. Салдарынан 36 жастағы әйел мен 14 жастағы қыз көптеген жерінен сынып, бір айдан астам уақыттан бері өздігінен жүре алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға шілде айының соңында болған. Екі отбасы қайыққа арқанмен тіркелген үрлемелі диванмен серуендеуге шыққан. Зардап шеккен Назира Оспанбектің айтуынша, бір кезде қайық судың ортасында тоқтап қалған. Осыдан кейін демалушылар жүргізушіден оларды жағаға қайтаруды сұраған.
«Қайық жүргізушісі қайық пен диванды тоқтатты. Біз судың ортасында тұрып қалдық. Қайық жүргізушісіне: "Бізді жағаға апар" деп айқайлай бастадық, бірақ ол естімеді. Күйеуім тіпті ысқырып: "Болды, жетеді. Бізді жағаға апар" деді. Сол сәтте қайық жүргізушісі қозғала бастады да, диван солға қарай бұрылды. Дәл осы кезде бізге гидроскутер соғылды», – деді Назира Оспанбек.
Соқтығыс салдарынан әйелдің бірнеше қабырғасы мен қолы сынған, жамбасын соғып алған, ішкі ағзалары жарақаттанып, миы шайқалған. Ол үш рет ота жасатқан, алайда әлі күнге дейін өздігінен жүре де, отыра да алмайды.
«Денем қатты ауырады. Жатып қалған соң ең қарапайым қажеттіліктеріңді де өзің өтей алмайсың. Бұл өте қиын. Ең ауыры – осы оқиғаға қатысы бар адамдардың ешқайсысы жауапкершілік арқаламайтындай көрінеді. Олар сенің физикалық ауыртпалығыңды бөлісе алмайды», – деді зардап шеккен әйел.
Онымен бірге 14 жастағы Асылжан Рысқұлова да ауыр жарақат алған. Қыздың аяғы мен жамбасы сынып, миы шайқалған. Оқиғадан кейін жасөспірім комаға түсіп, тек алтыншы күні есін жиған.
Асылжанға ота жасалған. Қазір ол да жүре де, отыра да алмайды. Тоғызыншы сынып оқушысы оқуын қашықтан жалғастырып жатыр.
«Аяғына ота жасалып, гипс салынды. Бір сүйегі үш жерден сынғандықтан, пластина қойылды. Үнемі ауырсынуды басатын дәрілер қабылдайды. Эмоциялық жағдайы да мәз емес. Мұның бәріне қарау өте ауыр. Ана ретінде маған қиын», – деді қыздың анасы Жанар Рысқұлова.
Зардап шеккендер полицияға арызданған. Алматы облысының Полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Теңіз немесе өзен көлігі қозғалысы не оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Гидроцикл жүргізушісі іс бойынша күдікті ретінде танылған және қазір бостандықта жүр. Зардап шеккендер гидроциклді жалға берген иесі мен қайықты басқарған ер адамның да жауапқа тартылғанын қалайды.