Жолаушы рейстен түсіріліп, ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды
3 қыркүйекте Алматы әуежайында FlyArystan әуе компаниясының Ақтауға бағыт алған рейсі жолаушылардың бірінің ұшақ бортындағы сәтсіз әзілінен кейін екі сағатқа кешігіп ұшты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоны блогер Әйгерім Сүлейменова Instagram-дағы парақшасында жариялады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін барлық жолаушының қол жүгі қайта тексерілген.
FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі ұшақ бортында болған оқиғаның мән-жайын хабарлады.
«2026 жылғы 3 қыркүйекте Алматы – Ақтау бағыты бойынша FS7177 рейсінде жолаушының айтқан сөзіне байланысты авиациялық қауіпсіздіктің белгіленген рәсімдеріне сәйкес тиісті органдар мен қызметтердің қатысуымен қажетті шаралар қабылданды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – FlyArystan үшін сөзсіз басымдық. Қауіпсіздікке ықтимал қатер ретінде қабылдануы мүмкін кез келген сөз немесе әрекет жолаушының қандай ниетпен айтқанына қарамастан, міндетті түрде тиісті шара қабылдауды талап етеді. Бұл әуе кемесінің бортындағы абайсызда айтылған сөздер мен әзілдерге де қатысты», – деп түсіндірді компания.
Әуе компаниясы мән-жайға байланысты мұндай жағдайларда қосымша тексерулер жүргізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның ішінде жолаушыларды әуе кемесінен түсіру де қарастырылған. Бұл өз кезегінде рейстің кешігуіне және ұшу кестесінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
«Жолаушыларды авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға және бүкіл сапар барысында сөздері мен әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қауіпсіздікке төнген қатер туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», – деп қосты FlyArystan баспасөз қызметі.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі жолаушының 3 қыркүйекте рейстен түсірілгенін хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan әуе компаниясының актісі бойынша Алматы – Ақтау бағытындағы рейстен қазақ тілінде: «Мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма?» деп әзілдеген жолаушы түсірілді.
Көлік полицейлері авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп жедел тексеру жүргізді. Тыйым салынған заттар немесе жарылғыш заттар табылған жоқ. Эвакуация жүргізілген жоқ, әуежай қалыпты режимде жұмысын жалғастырды.
Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Материал тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», – делінген хабарламада.
Жолаушыларды мұндай сөздердің салдарын түсінуге шақырды.
«Қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ құқық бұзушының өзіне де, айналасындағыларға да жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін әзілдерден аулақ болуға шақырамыз», – деп қосты Көліктегі полиция департаменті.
Ұсақ бұзақылық бойынша жиналған материалдарға қатысты шешімді сот қабылдайды.