Полиция түсініктеме берді
Саяхатшы Бүрлен Әділеттің велосипеді табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы Полиция департаментінің редакцияға берген түсініктемесіне сәйкес, жәбірленуші мүлкінің жоғалғанына арыз-шағым бермеген. Бүрлен Әділеттің әлеуметтік желіде жариялаған видеосынан кейін сақшылар велосипедті іздеуге кіріскен.
«Велосипедтің ұрланғаны туралы бейнематериал жарияланғаннан кейін полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде оның орналасқан жерін анықтады. Тексеру барысында ұрлық болмағаны анықталды. Велосипедті иесі құрбысына қалдырған. Полиция департаменті жалған мәліметтер таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», - делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстанды 76 күнде велосипедпен аралап шыққан Бүрлен Әділет велосипедін біреулер ұрлап кеткенін айтқан. Ол желіге жылап отырған видеосын жүктеген болатын. Бойжеткен велосипедіне қатысты ақпарат білетіндерден көмек сұрап, қайтарып беруін өтінген.
Еске салайық, биыл 20 сәуірде Бүрлен Әділет веложорығын Маңғыстау облысындағы Адай ата кесенесінен бастады. Қазақстанның батысы мен оңтүстігін аралап, Атырау, Орал, Алматы және басқа да қалаларды велосипедпен жүріп өтті. Ол 5 мың шақырымнан астам жолды еңсерген.