«Сол темір қайсар әрі табанды екеніме сендірді»: Қазақстан даласын 76 күн жүріп өткен Бүрлен Әділеттің велосипедін ұрлап кетті

Ол көрген-білген кісілерден көмек сұрады 

«Сол темір қайсар әрі табанды екеніме сендірді»: Қазақстан даласын 76 күн жүріп өткен Бүрлен Әділеттің велосипедін ұрлап кетті
Фото: скриншот

Қазақстанды велосипедпен аралап шыққан саяхатшы Бүрлен Әділеттің велосипеді Астанада жоғалып кетті. Ол әлеуметтік желіде видео жариялады. Бүрлен велосипедіне қатысты ақпарат білетіндерден көмек сұрап, қайтарып беруді өтінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода тарихи жәдігердей болған екі дөңгелекті серігінен айырылған Бүрлен жылап қалды.

 «Шілде айының басында 76 күндік велосипедпен сапарым аяқталды. Велосипедімді Астана қаласына қойып кеткен едім. Кейін жоғалып кеткенін білдім. Жоғалғанын естігеніме біраз уақыт болды. Бәлкім, сіздер түсінбейтін шығарсыздар, бірақ бұл мен үшін қайталанбас сапарлардың бірі болды. Велосипедім мен бармаған жерлерге алып барды, көптеген адаммен танысуыма себепкер болды. Сол велосипед өзімнің қайсар әрі табанды екеніме сендірді. Велосипедті тастап кеткен адамнан сұрасам, «табылатын шығар» деп селқос жауап беріп, кейін мені бұғаттап тастады. Енді не істейтінімді, оны қалай табатынымды білмеймін. Сіздер үшін жай ғана темір шығар. Бірақ мен сол темірдің арқасында бүкіл Қазақстанды көріп шықтым», – деді Бүрлен Әділет.

Бүрлен Әділет Қытайда туып-өскен, кейін Қазақстанға қоныс аударған. Биыл 20 сәуірде веложорығын Маңғыстау облысындағы Адай ата кесенесінен бастады. Содан бері Қазақстанның батысы мен оңтүстігін аралап, Атырау, Орал, Алматы және басқа да қалалар жүріп өтті. 5 мың шақырымнан астам жолды еңсерді.

Саяхатшының велосипеді жоғалғаны туралы видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшілік оған қолдау білдіріп жатыр. Azattyq Rýhy редакциясы жағдайға қатысты Астана қаласының полиция департаментіне сауал жолдады, жауап қосымша жарияланады.