Комиссия жазатайым оқиғаға 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп тапты
Биыл жазда Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылында алты жұмысшы кәріз құдығына түсіп, қаза тапқан еді. олардың өлімін тексеру үшін құрылған комиссия жазатайым оқиғаға 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деген қорытындыға келді. Айта кетейік, алты адам «Aqtogai Milk» ЖШС қызметкерлері еді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Комиссия алты адамның алтауы да құдықтың түбіндегі күкіртсутегінен уланған деген қорытынды шығарды.
«Алдымен бір жұмысшы уланған. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Өкінішке қарай, бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты», - деп хабарлайды Еңбек министрлігінің комиссиясы.
Комиссия олардың өліміне 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деген қорытындыға келген.
«Жұмысшылар аса қауіпті жұмыста қауіпсіздікті сақтау туралы оқудан өтпеген. Жұмыс беруші жұмысшыларға жеке қорғаныш құралдарын бермеген. Бұдан басқа, апатты жағдай туындағанда ережелер сақталмаған. Үкіметтік комиссия алты адамның өліміне жұмыс беруші, яғни, «Aqtogai Milk» ЖШС100 пайыз кінәлі деген қорытындыға келді», - деп хабарлайды үкіметтік комиссия.
Арнайы тексеру жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап, оған жауапты лауазымды тұлғаны тапқан. Енді іс сотта қаралады.