«Қазақстандағы жалғыз қалайы шығатын жер»: СҚО-да шенеунік пен мердігер 380 млн теңгені жымқырған ба

Қазір Қаржы мониторинг агенттігі тергеу жүргізіп жатыр

«Қазақстандағы жалғыз қалайы шығатын жер»: СҚО-да шенеунік пен мердігер 380 млн теңгені жымқырған ба
Фото: istockphoto.com

Қаржы мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы департаменті Айыртау ауданындағы құрылыс кезінде әкімдік қызметкері мен мердігер 380 млн теңгені жымқырды деп күдіктеніп отыр. Қазір тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚМА-ның мәліметіне сүйенсек, бұл құрылыс осыдан 9 жыл бұрын, яғни, 2017 жылы басталған.

«2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын іске асыру үшін «Akcent KZ» ЖШС атты мердігермен «Сырымбет» кен орнына дейін ішкі алаңдағы жол тармақтары мен инженерлік желілері бар теміржол кірме жолын салу жөнінде шарт жасасқан. Мемлекеттік сатып алудың жалпы құны 1,4 млрд теңге болған», - деп хабарлайды ҚМА.

Дереккөзге сүйенсек, «Сырымбет» кен орнының өңір үшін стратегиялық маңызы бар көрінеді, өйткені, ол Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны.

«Бастапқыда құрылыс 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған, алайда жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзарған. Соған қарамастан, нысан құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Әс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңге болған. Іс бойынша мердігер ұйымның басшысы және Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды. Сот олардың 3 пәтері мен автотұрақ орнына санкция салды», - деп хабарлайды ҚМА.