«Тым дабыраланып кетті»: Абай ұлттық мектебіндегі 10,8 млрд теңге дауына түлектер үн қатты
Министрлік түсініктеме берді
Абай ұлттық мектебіндегі 10,8 миллиард теңге дауына қатысты түлектер үн қатты. Олар аудиттің министрлік жүргізген қорытындысымен келіспейтіндерін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ұшқан ұя» түлектер қауымдастығының мәліметінше, мектепте кадрлар тұрақтамай, жаңа оқу жылы директорсыз басталған.
«Жаңа оқу жылы директорсыз басталды. Бұрынғы басшының кеткеніне екі айға жуық уақыт өтсе де, жаңа директор тағайындалмаған. Төрт орынбасардың да орны бос. Соңғы төрт жылда мектеп директоры төрт рет ауысты», – делінген қауымдастықтың жазбасында.
Түлектердің айтуынша, мектепке қатысты бұдан басқа да қауесеттер тарап, министрлік оқу орнына «өзіне жақын адамды» басшылыққа әкелмек деген әңгіме айтылып жатыр.
«10 миллиард теңге дауы тым дабыраланды»
Қауымдастық өкілдері министрлік аудитінен кейін жарияланған 10,8 млрд теңгенің заңбұзушылығы туралы ақпаратпен келіспейтіндерін мәлімдеді.
«Биыл шамамен 10 миллиард теңгеге жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Алайда мектеп пен жатақханада ыстық су мәселесі көтеріліп отыр. Жаңа нысан аумағындағы көгалдар мен жасыл желектердің қурауы да жауапты органдардың жұмысына сұрақ туғызады. Жақында министрлік жүргізген аудиттен кейін мектепке қатысты шамамен 10 миллиард теңгеге заңбұзушылық бары айтылды. Алайда мектеп түлектерінің бірі бұл тұжырыммен келіспейді. Оның айтуынша, балансқа толық өткізіліп үлгермеген мүлік те заңбұзушылық ретінде көрсетіліп, мәселе қоғамға тым дабыралы түрде ұсынылған. Әдейі бұрмаланған ақпараттың артында кім тұр? Ұлттық мектептің абыройына көлеңке түсіру арқылы кім ұтты?» – дейді түлектер.
«Мектеп басшысыз қалған жоқ»
Түлектердің мәлімдемесінен кейін Оқу-ағарту министрлігі ресми түсініктеме беріп, мектептің қараусыз қалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта директордың міндетін атқарушы тағайындалған және оқу процесі штаттық режимде жалғасып жатыр. Министрлік бұрынғы басшылық 2026 жылғы мамыр–маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кеткенін атап өтті.
Сондай-ақ тұрақты директорды бірден тағайындауға құқықтық мүмкіндік жоқ екені түсіндірілді. Себебі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға сәйкес мұндай лауазымдарға қабылдау тек ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде конкурс өткізу қағидалары бекітіліп жатыр, олар күшіне енген соң директор қызметіне конкурс жарияланады.
Министрлік мәліметінше, қазір мектепте Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бастаған жұмыс тобы қызмет атқаруда.
Аудит нені анықтады?
Министрліктің дерегіне сәйкес, аудит 2023 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығын қамтыған. Нәтижесінде 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталған.
Оның ішінде:
- 10,4 млрд теңге – қаржылық бұзушылық;
- 10,2 млн теңге – бюджетке қайтарылуға тиіс қаражат;
- 10,4 млрд теңге – қалпына келтірілуі қажет сома;
- 370,6 млн теңге – рәсімдік бұзушылық.
Аудит қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына төрт материал жолданып, әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты 24 айыппұл салу үшін құжаттар жіберілген. Министрлік нақты тұлғалардың кінәсі мен жауапкершілігін уәкілетті органдар анықтайтынын мәлімдеді.
Абай ұлттық мектебі туралы
Абай ұлттық мектебі 1957 жылы ауыл балаларына арналған республикалық мектеп-интернат ретінде ашылды. 1988–1989 оқу жылынан бастап қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа айналды. Ал 2020 жылдан бері гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желісінің ресурстық орталығы ретінде жұмыс істеп келеді.
Бұл білім ордасында Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі, мемлекет қайраткері, журналист Айдос Үкібай, кәсіпкер Дулат Тастекей және композитор Кеңес Дүйсекеев сынды белгілі тұлғалар білім алған.