Өрт салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ
Қарағандыда Қазыбек би атындағы аудандағы Мұқанов көшесінде орналасқан көпсалалы аурухана аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.
ТЖМ мәліметінше, алдымен медициналық мекеме аумағында жиналып тұрған макулатура өртенген. Кейін жалын аурухананың негізгі бес қабатты ғимаратына жапсарлас салынған бір қабатты кіреберістің ағаш шатыр құрылымына тараған.
Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері келді. Құтқарушылар аурухана әкімшілігімен бірлесіп, қауіпсіздік мақсатында науқастарды эвакуациялады.
Өрт таралуы мүмкін аумақтан барлығы 20 науқас ғимараттың көршілес блогына көшірілді.
«Өрт 25 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында жалынның аурухананың негізгі ғимаратына да, оған жапсарлас салынған үй-жайларға да таралуына жол берілмеді», – деп атап өтті ТЖМ.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.