Марқұмның жеке басы әзірге анықталған жоқ
Петропавлда қалалық ауруханаға жақын жердегі кәріз құдығының маңынан денесі табылған әйелдің өлімінің мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелдің денесі 27 тамызда Тауфик Мұхамедрахимов көшесінен табылған. Мәйітте ыдырау белгілері болған. Құжаттары болмағандықтан, әйелдің жеке басын бірден анықтау мүмкін болмады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«27 тамызда Петропавл қаласындағы Тауфик Мұхамедрахимов көшесінде кәріз құдығының маңынан әйелдің денесі табылды. Қазіргі уақытта марқұмның жеке басы анықталған жоқ. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір полиция марқұмның жеке басын анықтап, оның өлімінің себептері мен мән-жайын тексеріп жатыр.