51 жастағы науқас дәрігерге қол көтергеннен кейін қылмыстық іс қозғалды
Петропавлдағы емханалардың бірінде әдеттегі қабылдау қылмыстық іспен аяқталды. 51 жастағы науқас сөзге келіп қалғаннан кейін дәрігердің бетінен ұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, ер адам 17 тамыз күні таңертең дәрігердің қабылдауына келген. Екеуінің арасындағы әңгіме көп ұзамай жанжалға ұласқан. Дәрігер ескерту жасағаннан кейін науқас агрессия танытып, оған қол көтерген.
Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Бұл – өңірде медицина қызметкеріне күш қолдану бойынша тіркелген екінші жағдай. Алғашқысы маусым айында Шал ақын ауданында болған. Сол кезде мас ер адам жол-көлік оқиғасынан кейін өзіне көмек көрсетіп жатқан медбикені ұрған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды», – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Полиция биылдан бастап медицина қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсету немесе күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Тиісті норма Қазақстан Қылмыстық кодексінің 380-3-бабында бекітілген.