Қазақстанда тәулігіне қанша маска шығарылатыны белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Мәселен, 3 тамызда елімізде 878 мың дана бетперде өндірілген

«Оның ішінде фармацевтикалық кәсіпорындар 677 мың, тігін кәсіпорындары 201 мың бетперде өндірді. Қоймаларда 6 703 бетперде бар. Тиісті ақпарат "СҚ-Фармация" ЖШС-не беріліп тұрады. Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өндірілген өнімді ел өңірлеріне бөледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Бүгінде дәке және бөзден тігілген бетперделер атқарушы органдармен жасалған шарт негізінде жеткізіледі. Қазіргі кезде бетперделер өндірісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қатаң бақылауына алынды. Қосымша өндірісті іске қосу және өндірісті кеңейту нәтижесінде бетперделер өндірісінің көлемі тәулігіне 1 миллион данаға жетті», - делінген хабарламада.

Залалсыздандыру  құралдарына келсек, 3 тамызда 56 050 литр залалсыздандыру құралы шығарылды. Қоймада 343 820 литр сақталған, ал тұтынушыларға көшелер мен үй-жайларды тазалау үшін және дәріхана желілеріне 29 250 литр жөнелтілген.