Абай облысында жол апатынан төрт адам, оның ішінде ТЖД-ның екі қызметкері қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Жол апаты Семей – Курчатов тасжолында болған

Абай облысы ПД видеосынан скриншот

Семей – Курчатов тасжолында екі жеңіл автокөлік соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Олардың екеуі – ТЖД қызметкерлері. Абай облысының полициясы сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 26 тамыз күні шамамен сағат 15:30-да Семей – Курчатов тасжолының 35-шақырымында болған. Chevrolet Nexia мен Kia Rio автокөліктері соқтығысқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, Chevrolet Nexia жүргізушісі алдында келе жатқан «Газельді» басып озу кезінде қарсы жолаққа шығып кетіп, Kia Rio көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

«Соқтығыс салдарынан көлік жүргізушілері мен жолаушылары алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – деді Абай облысы Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы, полиция майоры Әмір Хабибуллаев.

Полиция көлік құралдарын басқарған адамдардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Абай облысының ТЖД мәліметінше, қаза тапқан төрт адамның екеуі – департамент қызметкерлері.

«Департаменттің жеке құрамы мен басшылығы қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Бұл – ауыр қайғы әрі орны толмас қаза. Департамент қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіп жатыр және алдағы уақытта да көрсетеді», – деп атап өтті ведомство.

Оқиғаға байланысты Абай облысының ТЖД қызметтік тергеу бастады. Оның қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне объективті баға беріледі.