Непалдағы жойқын су тасқыны: Қазақстаннан барған бір әйел із-түзсіз жоғалып кеткен

Автор: Темірхан Айжан

Қазір жоғалғандар саны 900 адамнан асып кетті 

Фото: Prabin RANABHAT / AFP via Getty Images

Непалдағы жойқын су тасқынынан кейін Қазақстан азаматы жоғалып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сыртқы істер министрлігі мәлім еткендей, Қазақстан азаматы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен.

«Азаматшамыздың қайда екені әзірге белгісіз. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстанның дипломаттары жергілікті мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жалғастырады», - деді ведомстводан.

26 тамызда Непал мен Қытай шекарасына жақын Расува ауданында сел мен су араласқан жойқын тасқын болып, үйлерді, жолдарды, көпірлерді және гидроэнергетика нысандарын шайып кетті.

Непал билігінің мәліметінше, 270 адамның мәйіті табылып, 900-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың арасында туристер, қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындар бар. Ал Тибетте кемінде үш адам қаза тауып, 558 адам із-түзсіз жоғалған.

Туризм министрлігінің дерегіне сәйкес, жоғалғандардың 579-ы турист, оның ішінде 466 адам 28 елден келген шетел азаматтары. Ең көп жоғалғандар қатарында Үндістан (177), АҚШ (63), Австралия (34), Ұлыбритания (33) және Канада (25) азаматтары бар.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа 5,2 мың метр биіктіктен мұздықтың бір бөлігінің опырылып, өзенге құлауы себеп болған. Соның салдарынан су, лай және тас араласқан қуатты ағын пайда болып, кейбір учаскелерде су деңгейі небәрі 30 минутта 9 метрге көтерілген.

Қазіргі уақытта құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Алайда қираған жолдар мен лай көшкіні зардап шеккен аудандарға жетуді қиындатып отыр.