79 жасында бақилық болған кісі – Маңғыстау облысы Ішкі істер департаменті экс-басшысының анасы
Ақтауда жаназасына жүзден астам адам жиналған марқұмның туыстарына айыппұл салынды. Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменітінің экс-басшысы, қазіргі БҚО Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтың анасы Бибіжамал Аблазимова 79 жасында бақилық болған екен.
Полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов анасының жаназасына мұншалықты көп адам жиналады деп ойламағанын, марқұм анасын тек жақын туыстары ғана ақтық сапарға шығарып салмақ болғанын айтты.
«Анамыздың қазасына байланысты көңіл айтқандарға, оны ақтық сапарға шығарып салуға келгендерге шын жүректен алғысымды айтамын. Еліміздің көптеген азаматтары көңіл айтты. Жаназаға өте көп адам жиналды, біз адам қарасы мұндай көп болады деп өзіміз де күтпедік. Жерлеу рәсімі мен ас беру жиынын тек отбасылық шеңберде өткізу жоспарланған, індетке байланысты туыстарымыздың келмеуін өтіндік. Алайда, туыстық жақындығы жоқ басқа адамдардың келуіне тыйым сала алмадық. Әрине, анамызға сый-құрмет көрсетіп, қолдау көрсеткендер үшін шын жүректен қуаныштымыз. Өкінішке қарай, сіздерден көп жиналмауды сұраймын. Өздеріңіз білесіздер, қазір карантин шараларын сақтайтын жағдайға тап болып отырмыз. Сол себепті, жалпы қауіпсіздік үшін көп болып жиналмаған маңызды. Дұрыс түсініп, ол үшін кінә артпауды сұраймын», - деп жазды ол.
Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі де пікір білдірді.
«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақтау қаласында адамдардың жаназаға көптеп жиналғаны туралы факт бойынша қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. Өздеріңіз білетіндей, өңірдің мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысымен тымыздың 3-і мен 17-і аралығында Маңғыстау облысында адам көп жиналатын шаралар өткізуге қатаң шектеу қойылған. Өңірде қатаң шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығы карантин режимін бұзудың алдын алу үшін уақытында шаралар қабылдаған жоқ», - делінген ҚР ІІМ хабарламасында.
Бұған дейін «Astana TV» хабарлағандай, Ақтауда белсенділер осы оқиғаға байланысты өңірдің бас санитар дәрігері мен ПД басшысының отставкасын талап етіп отыр.
Сондай-ақ Ақтаудағы жаназаға қатысты марқұмның сіңілісі кешірім сұрады.