Алматыда 16 қабатты үйден өрт шығып, 127 адам эвакуацияланды

Автор: Алмас Ерсін

Өрт тоғызыншы қабаттағы пәтерден шыққан

видеодан скриншот

Алматыда 16 қабатты тұрғын үйдің пәтерінен өрт шықты. ТЖМ құтқарушылары ғимараттан 127 адамды, оның ішінде төрт баланы эвакуациялады. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ-нің Telegram арнасына сілтеме жасап.

Алматының Бостандық ауданындағы Абай даңғылында орналасқан тұрғын үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтерде жиһаз өртенген.

Оқиға орнына құтқарушылар жоғары шақырту дәрежесі бойынша аттанды. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде кіреберісті қою түтін басқан. ТЖМ қызметкерлері тұрғындарды дереу эвакуациялауға кірісті.

Оқиға орнында өрт сөндіру жөніндегі жедел штаб құрылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары тұрғындарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ өрт сөндіру автосатысы пайдаланылды.

«Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде түтін басқан аумақтан баспалдақ арқылы 42 адам эвакуацияланды. Құтқару қалпақтарының көмегімен 85 адам, оның ішінде төрт бала құтқарылды», – деп мәлімдеді ТЖМ.

Өрт жедел сөндірілді. 112 қызметіне зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Тағы бір өрт 24 тамызға қараған түні Алматы орталығындағы 13 қабатты тұрғын үй кешенінде болған. Сол кезде алты жасар қыз қаза тауып, тағы алты тұрғынға медициналық көмек қажет болды. Құтқарушылар көпқабатты үйден 148 адамды эвакуациялаған.

Тегтер: