Алматының бірнеше ауданы апаттық жағдайға байланысты жарықсыз қалды

Автор: Алмас Ерсін

Электр қуатының өшуіне жабдықтың зақымдануы себеп болған

Фото: © istockphoto.com

Алматының Алмалы және Жетісу аудандарында 20 тамыз күні кешке электр энергиясы апатты жағдайда өшірілді. «Алатау Жарық Компаниясының» интерактивті картасында ондаған қызыл белгі пайда болды. Электр жарығының бірқатар жерде не себепті өшкені әзірге анықталып жатыр,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алмалы ауданында электр энергиясы сағат 16:20-да өшірілді. Түркебаев, Розыбакиев, Бөгенбай батыр көшелері мен Райымбек даңғылы маңындағы тұтынушылар жарықсыз қалды.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ өкілдері электр қуатының өшуіне жабдықтың зақымдануы себеп болғанын хабарлады.

«Тарату пунктіндегі екі ұяшықтың зақымдануы себеп болды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары жедел түрде жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру үшін қажетті техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады компаниядан.

Апаттық ажыратулар картасындағы мәліметке сәйкес, қаланың осы бөлігінде электрмен жабдықтауды қалпына келтіруге шамамен төрт сағат қажет деп көрсетілген.

Тегтер: