ТЖМ құтқарушылары Алматы облысының тауларында қаза тапқан туристің мәйітін эвакуациялады

Автор: Алмас Ерсін

Мәйіт Северцев мұздығы маңында шамамен 3400 метр биіктіктен табылған

Фото: gov.kz

Алматы облысының Талғар ауданында, Северцев мұздығының маңында, шамамен 3400 метр биіктікте туристер белгісіз адамның денесін тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жұмыстарды жүргізу үшін ҚР ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына жетіп, денені таудың қолжетімділігі қиын учаскесінен эвакуациялады. Оны жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды.

Эвакуациядан кейін дене қаза тапқан адамның жеке басын анықтау және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы облысының жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне тапсырылды.

«Таулы жерлерге жорыққа шығар алдында маршрутты алдын ала зерделеп, ауа райы жағдайын ескеріп, өзіңіздің физикалық мүмкіндіктеріңіз бен дайындық деңгейіңізді объективті бағалаңыз. Жоспарланған маршрут пен қайту уақытын жақындарыңызға хабарлаңыз. Өзіңізбен бірге қуатталған ұялы телефонды, байланыс құралдарын және қажетті жабдықтарды алып жүріңіз. Төтенше жағдай туындаған кезде дереу 112 нөміріне хабарласыңыз», - деп ескертті Төтенше жағдайлар министрлігі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларындағы мұздықтан адам денесі табылғаны белгілі болды.