Қазақстанда бір аптада 47 орман өрті тіркелді (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

2-9 тамыз аралығында тіркелген өрттердің барлығы дер кезінде оқшауланып, сөндірілді

Фото: t.me/EcologyofQazaqstan

2-9 тамыз аралығында Қазақстанда 47 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жалпы өрттің 21-і жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде, тағы 26-сы мемлекеттік орман қоры аумағында болған.

Ведомство мәліметінше, өрт ошақтары жерүсті және әуе патрульдері, сондай-ақ орман өрттерін ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталған.

Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК авиациясы мен өрт сөндіруші десантшылары, сондай-ақ қажетті техника жұмылдырылды. Өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Барлық ошақ жедел оқшауланып, толық сөндірілді.

9 тамызда Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында тағы екі орман өрті тіркелді. Оның бірі Ақмола облысында, екіншісі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында болған.

Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК жүргізген әуе патрулі кезінде анықталды. Ақпарат түскеннен кейін оқиға орындарына орман шаруашылығы мекемелерінің күштері мен техникасы жедел жіберілді.

Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғаудың» өрт сөндіруші десантшылары мен мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері қатысты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі аптап ыстық пен найзағайлы ауа райына байланысты елде өрт қаупі әлі де жоғары екенін ескертті.

Қазақстандықтарды табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

«Орманды сақтау – ортақ жауапкершілік», – деп атап өтті ведомство.