Сот отырысында қалыңдық алып қашу оқиғасына қатысты жаңа мәліметтер айтылды
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде бүгін істің жаңа мән-жайлары айтылды. Айыпталушының әкесі сотта үйде тойға дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлы қалыңдығын алып келгенде, қыздан өз еркімен келген-келмегенін сұрап қана қоймай, қолхат та жаздырмақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Айыпталушының әкесі ұлының қалыңдығын Алматыдан Шымкентке өз еркімен алып келгенін дәлелдеуге тырысты.
«Бұл қыз алып қашу емес, бәрі өз келісімімен болды. Үйге кіріп, қыздың қайда екенін сұрадым. Ол сол жерде тұрды. Күлімдеп тұрған жүзі әлі көз алдымда. Қолхат жаздыру – менің идеям еді. Өйткені оның келісімін алуымыз керек болды», – деді ол сотта.
Осы кезде марқұм Нұрайдың әкесі өзін ұстай алмай, айыпталушының әкесіне бұған дейін ұлын Нұрайға жолатпаймын деп уәде бергенін еске салды.
«Мен сені ескерткен едім. Неге жағдайдың алдын алмадың? Неге ұлыңа тыйым салмадың?» – деді ол.
Сотта бұған дейін қалыңдық алып қашу туралы хабарлама бойынша оқиға орнына барған бұрынғы тергеуші де жауап берді. Оның айтуынша, полицияға Нұрайдың ағалары хабарласқан. Қызбен үйде де, полиция бөлімінде де сөйлескенімен, күмән тудыратын ештеңе байқамаған.
Нұрайдың қатыгездікпен өлтірілуінен кейін тергеуші қызметінен босатылған. Бүгін ол сотта куә ретінде жауап берді. Алайда жүзін көрсетпеуді сұрады.
«Үйде тойдың атмосферасы болды. Адам көп, бәрінің көңіл күйі көтеріңкі еді. Біз жедел уәкілмен бірге кіріп, қыздан жағдайды сұрадық. Ол Шерханның өзінің жігіті екенін, соңғы үш ай бойы кездесіп жүргендерін айтты. "Өз еркіңізбен келдіңіз бе, қайдан келдіңіз?" деп сұрағанда, "Иә, өз еркіммен Алматыдан келдім" деп жауап берді», – деді бұрынғы тергеуші.
Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан атты жас жігіт пышақтап өлтірген еді. Ең сорақысы, марқұм қыз қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бірақ, жергілікті полиция мен прокуратура арызға мән бере қарамаған.