Атырауда үш жастағы қыз анасының өлтірілгеніне куә болды

Автор: Алмас Ерсін

Сол күні көршілер ешқандай айқай-шу естімеген. Ал кешке үйіне оралған 16 жастағы қызы анасын қан-жоса болып жатқан жерінен тауып, жанында ұйықтап жатқан сіңлісін көрген

Фото: © istockphoto.com

Атырауда төрт баланың анасы болған 42 жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қылмысқа күдікті ретінде оның азаматтық некедегі күйеуі ұсталды. Оқиғаға үш жасар қызы куә болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Атырау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Көршілердің айтуынша, сол күні пәтерден ешқандай айқай-шуға құлақ түрмеген. Кешке үйге келген 16 жастағы қызы анасын қан-жоса болып жатқан жерінен тауып, жанында ұйықтап жатқан үш жасар қарындасын көрген.

«Үлкен немерем қатты күйзеліп, анасына жақындай да алмады. Ол небәрі 16 жаста. Көзқарасы қатып қалғандай болды. Ал кішкентай қыз алғашында мүлде үндемеді. Кейін "Әкем анамды пышақтады" деді. Оның қалай болғанын көрсетіп берді. Полицейлерге де бәрін айтып берген. "Әкем анамды ұрды, анам айқайлады. Мен жыладым. Мен қатты жылай бастағанда, әкем қашып кетті" деді», – дейді марқұмның анасы Фатима Шмирова.

Негізгі күдікті – 38 жастағы ер адам. Ол 42 жастағы Алмагүл Шмировамен алты жыл азаматтық некеде тұрған. Әйелдің бөлек тұратын екі үлкен қызы болған. Ал екі кіші қызы анасымен бірге тұрған. Марқұм шағын дүкен иесі болған.

Марқұмның жақындары болған жағдайға әлі күнге дейін сене алмай отыр. Ең бастысы, мұндай қатыгездікке не себеп болғанын түсіне алмайтынын айтады.

«Суреттерін көрдік. Пышақ жарақаттары алдынан да, артынан да салынған – барлығы 28 жерден. Ол еш аяушылық танытпаған. Арқасында сау жер қалмаған. Тіпті тамағын да кескен. Адамның мұндай әрекетке қалай баратынын түсінбеймін. Бұл – айуандық. Тиісті жазасын алсын. Басқа ештеңе сұрамаймын», – дейді Фатима Шмирова.

Туыстарының айтуынша, күдікті бұған дейін де жиі жанжал шығарып жүрген. Әйел бірнеше рет полиция шақырғанымен, ер адам қайта оралып, бәрі бұрынғысынша жалғаса берген. Жақындарының сөзінше, күдікті кісі өлтірілгеннен кейін төрт күн өткен соң ғана ұсталған.

«Тұрмыстық жанжал кезінде әйелді өлтірді деген күдікпен марқұмның азаматтық некедегі 38 жастағы жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Атырау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Марқұмның туыстары екі қыздың тәрбиесін өз мойнына алмақ. Олардың айтуынша, ең алдымен үш жасар бүлдіршін мен 16 жастағы қызға психологиялық көмек көрсету мәселесіне басымдық беріледі.