Павлодар ЖЭО-2-де құбыр бұзылып, екі жұмысшы зардап шекті

Автор: Алмас Ерсін

Оқиғадан кейін екі жұмысшы дәрігерлердің тексеруінен өтіп, үйлеріне жіберілді

Фото: "ПавлодарЭнерго" АҚ баспасөз қызметі

Павлодардағы ЖЭО-2-де құбырдың герметикалығы бұзылды. Оқиғадан кейін екі жұмысшы медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Павлодарэнерго» АҚ-на сілтеме жасап.

Компанияның мәліметінше, №5 қазан агрегатын іске қосу кезінде құбырдың герметикалығы бұзылып, қысқа уақытқа қатты дыбыс шыққан.

Сол уақытта №4 қазан агрегатында мердігер ұйымның қызметкерлері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Оқиғадан кейін жұмысшылардың бірі құлағының естуі уақытша нашарлағанын айтса, екіншісі тобығының ауырғанына шағымданған.

Екі қызметкер де тексерілу үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлердің қарауынан кейін олардың екеуі де үйлеріне жіберілді.

Компания өкілдерінің айтуынша, Павлодар ЖЭО-2-дегі жабдықтардың жұмысы бақылауда.