Экскаватор астына түскен жұмысшыны дәрігерлер аман алып қала алмады
Шымкентте ірі жолайрықтың құрылыс алаңында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы жұмысшы экскаватордың астына түсіп, қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Байдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысындағы салынып жатқан жолайрықта болған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 54 жастағы жұмысшы жұмыс барысында ауыр жарақат алған. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
«Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкелу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді қалалық полиция департаменті.
Оқиғаға байланысты тексеруді еңбек инспекциясы да бастады.