Жер қазу кезінде 25 оптикалық кабель зақымдалып, байланыс қызметтері уақытша тоқтады
Астана тұрғындарының бір бөлігі уақытша интернет пен басқа да байланыс қызметтерінсіз қалды. Компания өкілдері мамандардың желіні қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жағдайға «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин пікір білдірді. Оның айтуынша, жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде бөгде мердігер ұйым компанияның бірден 25 оптикалық кабелін зақымдаған. Соның салдарынан абоненттердің бір бөлігі уақытша байланыс қызметтерінсіз қалды.
«Апаттық-қалпына келтіру бригадаларымыз оқиға орнында үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Зақым көлемінің ауқымды болуына байланысты қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Негізгі жұмыстарды аяқтап, абоненттерді сағат 23:00-ге дейін қайта қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мусин.
Ол мұндай жағдайлардың құрылыс маусымында жиі болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұған көбіне жер қазу жұмыстарының инженерлік желілер иелерімен келісілмей жүргізілуі және кабельдік инфрақұрылымның орналасқан жерінің алдын ала нақтыланбауы себеп болады.
«Қазір байланыста болудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. «Қазақтелеком» атынан келтірілген қолайсыздықтар үшін барлық абонентімізден шын жүректен кешірім сұраймын. Қызметтерді барынша қысқа мерзімде қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», – деді компания басшысы.