Алматы облысының таулы аймағында ірі өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр
Тілсіз жауды ауыздықтауға құтқарушылар мен орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы таулы аймақта өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттік жер қоры аумағындағы Бәйдібек би ауылынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан Бақтияр сай шатқалында құрғақ шөп тұтанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының 70 қызметкері және 15 техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды. Авиация жалпы көлемі 51 тонна болатын суды 17 рет төкті.
Өрт сөндіру жұмыстарына аптап ыстық пен секундына төрт метрге дейін жететін солтүстік-батыс желі кедергі келтіріп отыр.
Өртті сөндіру жұмыстарын Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков үйлестіріп жатыр. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.