Қаскелеңде шала туған үшемнің өлімінен кейін отбасы тергеу жүргізуді сұрады

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиғадан кейін отбасы құзырлы органдардан мән-жайды толық анықтауды талап етуде

Фото: © istockphoto.com

Қаскелеңдегі перзентханада шала туған үш сәбидің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. 28 жастағы әйелдің туыстары полицияға жүгініп, оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Отбасының айтуынша, әйел жүктіліктің 25-аптасында үшемді дүниеге әкелген. Екі сәби туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кеткен. Ал үшінші баланың қайтыс болғанын туыстарының сөзінше, әкесі кейінірек білген. Қазір отбасы үшінші сәбидің денесін беруді күтіп отыр.

Туыстары дәрігерлердің әйелге кесарь тілігін жасауды ұсынғанын, алайда босандыру табиғи жолмен жүргізілгенін айтады.

«Бізге кесарь тілігін жасау керек болғанын айтты. Бірақ белгісіз себеппен Айдананы өздігінен босандырған. Таңертең ол күйеуіне екі баласының шетінегенін жазған. Ал үшінші сәби бөлімшеде жатыр деген. Біз екі сәбиді жерлеуге кеттік. Кейін үшінші баланың да қайтыс болғанын білдік. Дәрігерлер мұны бізден неге жасырды?» – деді туысы Жазира Төлешова.

Туыстарының айтуынша, сәбилердің нақты неден көз жұмғаны оларға айтылмаған. Сондықтан олар мәйіттерді эксгумациялап, үш сәбиге де ДНҚ сараптамасын жүргізуді талап етіп отыр.

«Ешқандай құжатсыз екі баланы қорапқа салып қолымызға ұстатты. Түскі сағат бір жарым шамасында екі сәбиді қораппен берді. Біз балаларымыздан қалай айырылып қалғанымызды, нақты не болғанын білгіміз келеді. Үш сәбиге де эксгумация жасап, ДНҚ сараптамасы жүргізілсін деген талап қоямыз», – деді туысы Ержан Екейбаев.

Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының мәліметінше, әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген және оған қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық көмек көрсетілген. Мекеме дерегіне сәйкес, нәрестелер жүктіліктің 25-аптасында өте төмен салмақпен дүниеге келген. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді.

«Жүктіліктің 25-аптасында үшемді босану – аса ауыр жағдай және шұғыл ауруханаға жатқызуды талап етеді. Туған кездегі салмағы 500 грамға дейін болатын нәрестелердің салмағы өте төмен болып есептеледі. Бұл кезде өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық жетілмеген болады», – деп мәлімдеді Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметі.

Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәрестелердің нақты өлім себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.