Орал қаласында «Инфлюцид» дәрісінің қаптамасы 3500 теңгеден сатылған

Автор: Azattyq Rýhy

Аталмыш дәрілік препараттың шекті бағасы – 2 571 теңге

Фото: ашық дереккөзден

Қаржы мониторингі комитетінің БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында дәрі-дәрмекті көтеріңкі бағада заңсыз сатқан 2 фактіні анықтады.

Орал қаласының тұрғыны ҚР өкілетті органының рұқсат етілген құжаттарынсыз дәрілік заттарды сатқан. Одан жалпы сомасы 128 000 теңге құрайтын «Цефтриаксон» және «Лидокаин» препараттары анықталып, тәркіленді.

Сондай-ақ Орал қаласындағы дәріханалардың бірінде «Инфлюцид» дәрілік затының бір қаптамасы 3500 теңгеге көтеріңкі бағамен сатылған (шекті бағасы - 2 571 теңге). Бұл «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі № ҚР ДСМ-104 бұйрығына қайшы.

Айыпты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін, оларға қатысты іс-құжат БҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.